11.05.2018
Наурыз мерекесіне орай бастауыш сыныптар арасында «Ертегілер еліне саяхат» атты мерекелік шара ұйымдастырылып өтті. Шара мерекелік әсем ән мен бимен басталып, әдеби монтажға ұласты. Кештің әсерлі де көңілді өтуіне биші қыздар мен өнерлі балалар өз үлестерін қосты. Шара соңында балалар «Алтын кілт », «Қызыл телпек» сияқты әлем халықтарының ертегілерінен көріністер қойды. Мерекелік шара барысында: шашу шашылып, бата берілді. Мерекеге жиналған ата-аналар өз ризашылықтарын білдірді.
Көрермен балалар арасында ойналған «жұмбақ жасыру» ойыны кешті оданда қызықтыра түсті. Кітапханашы Бердібаева Аян «Нұрландырған елімді нұрлы көктем» атты кітап көрмесінде ұсынылған әдебиеттермен таныстырып, балаларды кітап оқуға шақырды. Шара соңында Наурыз дастарханы жайылып, «Наурыз көже» таратылды. Шараға 32 оқырман қатысты.
Наурыз – жыл басы, ізгілік пен жақсылықтың жаршысы, жер жүзі көктеп көгеріп, тіршілік атаулыға жан бітіп, өмірге нұр сыйлаған, халық қастерлейтін Ұлыстың Ұлы күні. Осындай көктемнің шуақты мерекесіне орай № 19 балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Наурыз шапағаты» атты ертеңгілік өткізілді. Адам өміріндегі бар жақсылық атаулыға «сәлемдесу» арқау болып жатады. Бір-бірін көріп білмеген адамдар арасында да игіліктер алғашқы сәлемдесуден өрбиді. Сондықтан ертеңгілік «сәлемдесу» рәсімін сахналаудан басталды. Шара барысында Наурыз мерекесінің шығу тарихы туралы тоқтала отырып, жас оқырмандар өз өнерлерін көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашып, салт-дәстүріміз жайлы сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар қазақтың ұлттық ойыны «Бүркіт» ойнатылды. Шара соңында «Ардақтайық қазақтың ата-салтын!» атты кітап көрмесі дайындалып, оған қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын С. Кенжеахметұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақтың дархан дастарханы», «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары», «Қазақ халқының ұлттық киімдері», С. Назарбекұлының «Қазақтың киіз үйі», «Бабаңнан саған не қалған» атты кітаптар мен «Айгөлек», «Бала би» және тағы басқа мерзімді басылымдар қойылды.
© 2024 Школа Leader